Холодец
ҚҰРАМЫ:
Сиырдың сирағы — 2
Жылқы еті немесе сиыр еті — 1 — 1,5 кг
Пияз — 2 дана
Сәбіз — 2 дана
Лавр жапырағы — 2- 3
Сарымсақ — 1 бас
Аскөк
Қара бұрыш
Тұз
Әрлеу үшін:
Ақжелкен
Асбұршақ (горох)
1. Алдымен сирақтарымызды тазалап аламыз, күйдірілген жерін қырғышпен қырып тастаймыз. Әбден жуып, тазалап, үстіне 5-6 литр су құйып, отқа қоямыз. Су қайнап, көбігі шыққаннан кейін, суын төгіп тастаймыз да, сирақтарды тағы да жуып, жуылған жылқының немесе сиырдың етін салып, үстіне жаңадан салқын су құйып, отқа қоямыз. Суы қайтадан қайнап көбігі шығады, соны сүзіп аламыз да, отты басып жәй жанып тұрған отта қайнатамыз. Қатты қайнамау керек, бүлкілдеп, судың беті жыбырлап турса болды!
2. 7 сағат өткеннен кейін тұз салыңыз, холодецтің нағыз дәмі сонда шығады. Тұз салғаннан кейін етін сүзбей тағы 1 сағат қайнатыңыз. Баяу отта 8 сағат қайнаған сирақтардың еті сүйегінен ажырайды. Етттерімізді, сіңірлерді сүзіп алып, сорпаға пияз, сәбіз, лавр жапырағын салып, көкөністер піскенше қайнатамыз.
3. Еттерімізді ұсақтап тураймыз. Мен силикон қалыбын қолдандым, түбіне піскен сәбіз, ақжелкен және асбұршақты қойып, ұсақтап туралған еттерімізді саламыз. Сорпамызды 2-3 рет сүзгіштен өткізіп аламыз да, үстіне қара бұрыш, үккіштен өткізілген сарымсақ және аскөк салып, араластырып, қалыбымызға құйып шығамыз.
4. Сорпамызды ыдыстарымызға құйып шыққаннан кейін сорпасы салқындағаннан кейін ғана тоңазытқышқа қоямыз.